Екі ел энергетика, көлік және логистика, цифрландыру мен жасанды интеллект, өнеркәсіптік қауіпсіздік, денсаулық сақтау, статистика және мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларында бірқатар келісімдерге келді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2024 жылы Қазақстан мұнайы Әзербайжан арқылы 1,5 миллион тоннаға жуық көлемде тасымалданды. Алдағы уақытта Баку – Тбилиси – Джейхан бағытымен мұнай жеткізу көлемін едәуір арттыру жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы екіжақты серіктестіктің маңызды бағыты ретінде Каспий арқылы тереңсулы электр кабелін тарту жобасын атады. Бұл жоба «жасыл» энергия экспортындағы Қазақстанның әлеуетін күшейтпек. Сонымен қатар, қазақстандық уран өнімдерін Әзербайжан аумағы арқылы шетелдік нарықтарға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсетіп отырған құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.