homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Цифрлық теңге дәуірі: стейблкойндар әлемдік төлем жүйелерін ығыстыра бастады

21.10.2025, 14:31

Стейблкойндар әлемдегі ең ірі төлем жүйелері — Visa мен Mastercard-тың айналымымен теңесіп, жаңа қаржылық дәуірдің бастаушысына айналды. 2024 жылы олардың жалпы аударым көлемі 18,4 триллион долларды құрап, дәстүрлі жүйелердің көрсеткішінен асып түсті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Стейблкойндар — нақты валютаға, әдетте АҚШ долларына байланған цифрлық токендер. Олар блокчейннің жылдамдығы мен ашықтығын пайдаланып, тұрақты құнын сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай активтерді жеке компаниялар шығарады (мысалы, Tether — USDT, Circle — USDC), алайда олардың айналымы қазірдің өзінде әлемдік төлем алпауыттарының деңгейіне жетті.

Citi зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай стейблкойндардың нарықтық көлемі 900 миллиардтан 4 триллион долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл активтердің уақытша құбылыс емес, жаһандық қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Сол арада орталық банктер де өз цифрлық валюталарын дамытып жатыр. Қазақстанда енгізіліп жатқан цифрлық теңге — осындай мемлекеттік сандық валюта жобаларының бірі. Ұлттық банк бұл жүйені кезең-кезеңімен сынап, банктер мен төлем сервисімен интеграциялау арқылы қаржы инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді. Сарапшылардың айтуынша, цифрлық теңге дәстүрлі банк жүйесі мен жаңа цифрлық экономиканы байланыстыратын көпір болмақ.