homepage
Фото: ХҒТО баспасөзі

Әлемдік сарапшылар Алматыда биологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

21.10.2025, 14:02

Алматыда өткен «Биологиялық қауіпсіздік пен қорғаныс болашағы» атты халықаралық конференцияда әлемнің 20-дан астам елінен келген сарапшылар биотехнология мен жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану және жаһандық қауіпсіздікті күшейту жолдарын талқылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

14–16 қазан аралығында Intercontinental қонақ үйінде өткен іс-шараға 150-ден астам маман қатысты. Конференцияны Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО) пен Орталық Азия мен Кавказдағы биологиялық қауіпсіздік қауымдастығы (АКБҚҚ) ұйымдастырды. Оған GIZ, Сыртқы істер министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсетті.

Баяндамаларда биологиялық тәуекелдерді басқару, жасанды интеллекттің ықпалы, деректердің ашықтығы мен ғылым этикасы талқыланды. Сарапшылар ғылым, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, биоқауіпсіздік пен биоқорғаныс саласында ортақ жауапкершілік қажет екенін атап өтті.

Конференция қорытындысында «Алматыдан Әрекетке шақыру» атты стратегиялық құжат қабылданды. Ол ғылыми қауымдастықтардың, үкімет пен бизнес құрылымдардың бірлескен әрекетін нығайтып, биотехнология мен жасанды интеллекттің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуді көздейді.

Биылғы жиын Биологиялық қаруға тыйым салу конвенциясының 50 жылдығына және ХҒТО-ның Қазақстанда қызмет еткеніне 10 жыл толуына арналды. ХҒТО атқарушы директоры Карина Ангелиева ғылыми зерттеулер мен қауіпсіздік арасындағы көпір салу маңызын атап өтсе, АКБҚҚ президенті Дамира Ашралиева ұжымдық жауапкершілікті арттырудың маңызын айтты.