Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі 16 миллионға жуық азаматтың жеке деректері сыртқа тарағанын растады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл деректердің көбі 2022 жылы алынған, ал оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрлік деректердің сыртқа шығуына сыртқы хакерлік шабуыл емес, рұқсат етілген қолжетімділік арқылы жүйеге кірген қолданушылардың логин-паролі себеп болуы мүмкін екенін айтты. Яғни ақпарат ресми тіркелген аккаунттар арқылы алынған. Тергеу бұл нұсқаны да тексеріп жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов деректердің таралуына мемлекеттік органдармен қатар банктер мен байланыс операторлары да жауап беруі тиіс екенін мәлімдеді. Ол азаматтардың жеке ақпаратына жауапкершілікті күшейтуді және заңнаманы қайта қарауды тапсырды.
Сарапшылар бұл жағдай ішкі ақпараттық қауіпсіздік мәдениетінің әлсіздігін және деректерді қорғауда адам факторына жеткілікті назар аударылмайтынын көрсетті деп санайды.