homepage
Фото: Яна Легкодимованың отбасылық естеліктерінен алынды

Атыраудағы қылмыс: Яна Легкодимованың өліміне қатысты сотта жаңа деректер жарияланды

20.10.2025, 17:07

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сотта айыпталушылардың қылмыс алдында жазысқан хаттары жарияланды. Хаттарда «Біз бұдан да сұмдық істер жасағанбыз» деген сөздің айтылуы істің жаңа қырын ашуы мүмкін деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу дерегінше, Яна Легкодимова 2024 жылдың 18 қазанында үйінен шығып, содан қайтып оралмаған. Соңғы рет ол танысының көлігінде болғаны анықталды. Көп ұзамай полиция екі күдіктіні — 24 және 25 жастағы ер адамдарды ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, олардың бірі қызды тұншықтырған, екіншісі көлік есігін аштырмай ұстаған. Кейін екеуі мәйітті қала сыртындағы Урал өзеніне тастаған.

Жәбірленуші тараптың өкілі Ажар Әбділдің айтуынша, марқұмның анасы Галина Легкодимова сот отырыстарына зор қиындықпен қатысып жүр. Ол хат алмасу мазмұнын бұрыннан білсе де, сот залында есту ана үшін ауыр соққы. Қазір оның бар үміті — әділ үкім шығуы. Айыпталушылар жарияланған деректерге ешқандай реакция білдірмеді .

Бұған дейін айыпталушылар қазылар алқасынан бас тартты. Сарапшылар мұны қоғамның айыптау көзқарасынан қашу әрекеті деп бағалайды. Жәбірленуші тарап «Біз одан да сұмдық істер жасағанбыз» деген тіркесті жаңа тергеу бастауға негіз ретінде қарастыруды сұрап отыр.

Қазір сот тергеу бейнематериалдарын қарап жатыр. Алдағы уақытта айыпталушылардан жауап алынған соң, тараптардың пікірталасы өтеді және үкім шығарылады. Жәбірленуші тарап бұрынғыдай ең ауыр жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етуде.