homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Енді әлеуметтік азық бағасын нарық емес, мемлекет қадағалайды

20.10.2025, 16:36

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) қойылған баға шектеуі алынып тасталады. Алайда мемлекет сауда үстемесін бақылауды жалғастырады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, енді өндіруші мен көтерме жеткізушінің бағасына қосылатын үстеме 15 пайыздан аспауы тиіс. Бұл мөлшерден артық баға қою әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорлары мен кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несие тетігі сақталады.

Министрлік әлеуметтік өнімдерді қолжетімді ету үшін «Әлеуметтік әмиян» жүйесін енгізіп жатыр. Бұл цифрлық жүйе атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлікті үстемесіз бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Қазір пилоттық жоба Ақмола облысының Ақкөл қаласында сынақтан өтіп жатыр, оған 16 отбасының 71 тұрғыны қатысуда. Жоба кейін Көкшетау мен Павлодар қалаларында да іске қосылады.

«Әлеуметтік әмиян» арқылы азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы электронды азық-түлік ваучерлері беріледі. Әр адамға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш (3 932 теңге) көлемінде жеңілдік қарастырылған. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы бір айда шамамен 16 мың теңге үнемдей алады.

Бұл ваучерлер тек әкімдік іріктеген серіктес дүкендерде жарамды болады. Олар тауарларды арзандатылған бағамен ұсынуға және 15 пайыздық сауда үстемесін сақтауға міндетті.

Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың тізіміне ұн, нан, күріш, макарон, қант, күнбағыс майы, ет, сүт өнімдері және көкөніс түрлері кіреді.