Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығын реттеу мақсатында риелторлардың қызметін мемлекеттік бақылауға алу ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігі бұл бағыттағы заң жобасына қатысты реттеушілік әсерді талдау жұмысын аяқтағанын хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, бастаманың мақсаты – жылжымайтын мүлікпен байланысты қызметті жүйелеу және көлеңкелі айналымды азайту. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы жылжымайтын мүлік операцияларынан түскен қызмет көлемі 2,2 трлн теңгеден асқан. Алайда елдегі риелторлардың нақты саны белгісіз, себебі бұл кәсіп лицензияланбайды және мемлекеттік есепке алынбайды. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда шамамен 30 мыңға жуық риелтор бар, олардың тек 30 пайызы ғана ресми тіркеліп, салық төлейді.
Министрлік мәліметінше, риелторлық қызмет нарығы ең көлеңкелі салалардың бірі саналады. Бұл бюджетке түсетін салықтың азаюына және нақты статистиканың бұрмалануына әкеліп отыр. Жаңа заң жобасы аясында риелторлар жеке тұлға ретінде де, заңды тұлға құрамында да қызмет ете алады.
Жоба риелторлардың құқықтары мен міндеттерін нақтылап, кәсіби жауапкершілік пен есептілікті күшейтуді көздейді. Министрлік мұндай бақылау шаралары нарық қатысушыларына қосымша шығын салмайтынын, бірақ қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.