Қазақстан жол қозғалысының жүктемесі тұрғысынан әлем елдері рейтингінде 44-орынға тұрақтады. Finprom.kz зерттеуіне сәйкес, елдің жалпы трафик индексі 136,3 баллды құрады. Бұл көрсеткіш жол қозғалысы қиын елдердің қатарында екенімізді білдіреді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Зерттеу қорытындысында Қазақстанда орташа сапар уақыты 35,8 минут екені анықталды. Бір сапар кезінде орта есеппен 3,9 килограмм көмірқышқыл газы бөлінеді. Бұл көрсеткіш жол қозғалысының экологиялық салмағының айтарлықтай екенін аңғартады. Сондай-ақ елдің көлік жүйесі тиімділік тұрғысынан 141,3 балл алған. Бұл жеке көлікке тәуелділіктің жоғары екенін және қоғамдық көлік инфрақұрылымының жеткіліксіздігін көрсетеді.
Әлем бойынша жол қозғалысы ең қиын ел — Нигерия, онда орташа сапар уақыты 65 минуттан асады. Ең жеңіл жағдай Исландияда тіркелген, онда жолға орта есеппен 21 минут жұмсалады. ТМД елдері арасында Ресей 19-орында, Әзербайжан 27-орында тұр, ал Қазақстаннан төмен позицияда Беларусь орналасқан.
Мамандардың пікірінше, жол кептелісін азайту үшін елде қоғамдық көлік сапасын арттыру, жол желісін кеңейту және көлік қозғалысын автоматтандыру бағытында жүйелі шешімдер қажет.