Талдықорған әкімдігі жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіруге 46 миллион теңге жұмсамақ. Бұл тендерді кімдер ұтып алды, бюджет қаржысы нақты қалай жұмсалады және неге жыл сайынғы «жаңа жыл шығындары» дау тудырады деген сауалдарға Juzmedia.kz шолу жасады.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, шілде-тамыз айларында-ақ әкімдік жаңа жылды кең көлемде, сән-салтанатпен қарсы алуға кіріскен. Белгілі болғандай, биылғы безендіру жұмыстарына 46 миллион теңге бөлініп отыр.
14 шілдеде қаланың Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «қалалық ортаны эстетикалық безендіру қызметтеріне» арналған тендер жариялаған.
БЕЗЕНДІРУГЕ НЕ КІРЕДІ?
46 миллион теңгенің ішінде, әрине, қаланың бас шыршасын орнату мен безендіру бар. Қала төріне қойылатын бас шыршаның биіктігі кемінде 23 метр болуға тиіс. Шырша металл қаңқадан құралып, сырты жасанды қылқан жапырақтармен қапталады. Сондай-ақ түрлі диаметрдегі 500 ойыншық пен жарық шамдар ілінуі қажет. Ал төбесіне биіктігі кемі 1,5 метр болатын жарықдиодты жұлдыз орнатылады.
Сонымен қатар биіктігі 4,5 метр, ені 6 метр болатын декоративті дөңес иін және шыршаны айналдыра аспалы шамнан күмбезді композиция орнату да қарастырылған.
«Шыршаның төбесінен айналаға қарай жарық күмбез тарайды. Күмбезді кемінде 2,5 метр биіктіктегі 10 тіреу баған ұстап тұрады. Әр тіреу бетон блоктармен бекітіледі және шырша безендіруіне үйлесімді түстермен безендіріледі. Жалпы күмбезді қалыптастыру үшін 8 000 метр гирлянда пайдаланылады», делінген техникалық сипаттамасында.
Алайда конкурсқа қатысуға өтініш берген компаниялардың құжаттары талапқа сай болмағандықтан, сатып алу жарамсыз деп танылған.
Ең қызығы, 4 тамызда әкімдік қайтадан тендер жариялап, 46,4 миллион теңгеге келісім жасасты. Бұл жолы жеңімпаз болып «B.ADELE» ЖШС танылды.
Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, «B.ADELE» компаниясы 2013 жылы Астанадағы Байқоңыр ауданында тіркелген. Негізгі бағыты – жеңіл металл конструкцияларын өндіру. Компанияның иесі әрі басшысы – Қасенов Мұратбек Бегімбекұлы. Алайда ол туралы ашық ақпарат көздерінен қосымша мәлімет табу мүмкін болмады.
2016 жылдан бері «B.ADELE» мемлекеттік сатып алу порталына тіркелген әрі мемлекеттік сатып алулар арқылы табысын тұрақты арттырып келеді.
pk.uchet.kz сайтындағы дерекке қарағанда, компания осы уақытқа дейін мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгені құрайтын 61 келісімшарт жасаған.
Соңғы жылдары фирманың бюджетке төлейтін салық көлемі де өскен, демек, табысы азаймаған, керісінше, жыл сайын ілгерілеп келеді.
СЫНҒА ІЛІККЕН КОМПАНИЯ
Айта кетелік, дәл осы «B.ADELE» компаниясы 2024 жылы Петропавлда 170 миллион теңгеге «жылы аялдамалар» орнатып, сынға қалған. Бір аялдаманың құны шамамен 8,5 миллион теңгеге шыққан. Бұл сома жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызып, бір аялдамаға 8,5 миллион теңгенің жұмсалуы негізсіз қымбат екендігі айтылған.
Биыл ақпан айының соңында Petropavlovsk.news редакциясы тәжірибе жүргізіп, аялдамалардың қаншалықты жылы екендігін тексеріп көрген еді. Белгілі болғандай ішкі температура мен сырттағы температураның айырмасы жоқ екені анықталған. Қалалық әкімдіктің ТКШ бөліміндегілер мұны «жылу жүйесіне қосуға құжаттар дайын болмағанымен» түсіндірген.