Жасанды интеллект кеңседен бастап шығармашылыққа дейінгі көптеген салада жұмыс процесіне белсенді енгізіліп жатыр. Microsoft компаниясының «Жасанды интеллектпен жұмыс: генеративті жүйелердің түрлі мамандықтарға ықпалы» атты зерттеуінде автоматтандыру деңгейі күрт өсіп, кейбір кәсіби топтардың негізгі міндеттерін алгоритмдер орындай бастағаны анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижесі бойынша, ең жоғары қауіп сатумен айналысатын және клиенттермен жұмыс істейтін мамандықтарға төніп отыр — бұл сала 0,32 баллмен бірінші орында. Одан кейін ақпараттық технологиялар мен математика (0,3), кеңсе және әкімшілік қолдау (0,29), әлеуметтік қызмет пен қоғаммен жұмыс (0,25), сондай-ақ өнер, дизайн, спорт және БАҚ салалары (0,25) тұр. Бұл бағыттарда жұмыстың жартысынан көбі жасанды интеллект ықпалына түсе бастаған.
ЖИ ең көп әсер еткен нақты мамандықтар қатарында аудармашылар (0,49), тарихшылар (0,48), жолсеріктер мен бортпроводниктер (0,47), сату саласындағы өкілдер (0,46) және жазушылар (0,45) бар. Мысалы, аудармашылардың 98 пайызының, тарихшылар мен редакторлардың 90 пайыздан астам жұмысы алгоритмдермен орындалуы мүмкін.
Бүгінде әлем бойынша ChatGPT ең танымал жасанды интеллект платформасы болып отыр — оның үлесі 81 пайыздан асады. Қазақстанда бұл көрсеткіш тіпті жоғары — 94 пайызға жуық. Елде Perplexity мен Gemini жүйелері де біртіндеп қолданысқа еніп келеді.
Сарапшылардың айтуынша, генеративті жүйелердің дамуы еңбек нарығында жаңа дәуірдің басталғанын көрсетеді. Бұрын автоматтандыру тек физикалық немесе бірсарынды жұмысқа әсер етсе, енді интеллектілік еңбек те соның ықпалына түсті. Ал Қазақстанда бұл процесс әлі жүйесіз жүріп жатыр — нейрожелілерді бизнестің кей бөлігі ғана пайдаланып, кадрларды қайта даярлау мен еңбек нарығын бейімдеу жұмыстары әлі қолға алынған жоқ.