Енді мемлекеттік органдар мен олардың қарамағындағы ұйымдарға жеке мобильді қосымша әзірлеуге тыйым салынады. Барлық қызметтер тек eGov және Aitu платформалары арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Үкіметтің цифрлық штаб отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен қабылданған шешімге сәйкес, мемлекеттік мобильді сервистер кезең-кезеңімен eGov және Aitu экожүйелеріне біріктіріледі. Бұл қадам қосымшалардың шашыраңқылығын жойып, қызмет көрсету сапасын арттыруға және процестерді жеделдетуге бағытталды.
Сонымен қатар Astana Hub технопаркі өз қызмет бағытын кеңейтпек. Енді оның басым бағыттарына мультимедиа, дизайн және ойын индустриясын дамыту, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу мен сүйемелдеу, киберспорт саласындағы қызметтер кіреді. Сондай-ақ шетел азаматтарына аутсорсинг негізінде IT қызмет көрсету және ағылшын тілін оқыту да жоспарланған.
Aitu платформасы — 2018 жылы іске қосылған отандық экожүйе. Онда хабар алмасу, қоңырау шалу, топтар мен арналар құру, төлем жасау, салық пен қызмет ақысын төлеу сияқты мүмкіндіктер бар. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дербес деректермен байланысты барлық коммуникацияны Aitu негізіндегі қорғалған ұлттық мессенджерге көшіруді тапсырған еді.