Шығыс Қазақстан облысында «QazConstructions» серіктестігі басшылығына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу басталды. Күдіктілердің арасында Күршім аудандық мәслихатының депутаты да бар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттіктің мәліметінше, бөлінген қаражат Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы 7 аудан аумағында 11 әлеуметтік нысан салуға арналған. Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жеті ауылға арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмей қалған. Бұл елді мекендерде 20 мыңнан астам адам тұрады.
Тергеу дерегінше, ұрланған 2 млрд теңге аффилиирленген компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сол қаржыға Астанадан элиталық пәтерлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes автокөліктері және сирек тұқымды жылқылар сатып алынған. Барлық мүлікке сот шешімімен тыйым салынған. Екі күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынған.