Израиль әскері Газадағы әуе соққыларынан кейін гуманитарлық көмекті 20 қазан, дүйсенбі күні қайта жандандыратынын хабарлады. Бұл шешім АҚШ-тың қысымынан кейін қабылданған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters агенттігінің дерегінше, Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату келісімі бұзылғаннан кейін Газа секторында кемінде 26 әуе соққысы жасалған. Израиль қауіпсіздік қызметі екі сарбаздың өліміне жауап ретінде операция жүргізілгенін мәлімдеді. Палестина билігі бұл соққылардан ондаған бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады.
Al Mayadeen телеарнасының ақпараты бойынша, бір тәуліктегі Израильдің әуе шабуылдарынан қаза тапқандар саны 44-ке жеткен. Ең көп адам шығыны Нусейрат пен Эль-Брейдж босқындар лагерлерінде тіркелген: 18 адам көз жұмып, 50-ден аса адам жараланған. Барлығы әл-Ауда ауруханасына жеткізілген. Израиль әскері анклав аумағында шамамен 100 нысанды атқылаған. Хан-Юнис пен Рафахтың оңтүстік аудандары қатты соққыға ұшыраған. Израиль бұл аудандарда ХАМАС жасақтары атысты тоқтату режимін бұзғанын алға тартқан.
Палестина денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен бері 51 адам қаза тауып, 150-ден аса адам жараланған. Газа билігі Израильді сегіз күн ішінде бітім шартын 47 рет бұзды деп айыптап отыр.
Израиль шабуылдардан кейін гуманитарлық көмекті уақытша тоқтатқан еді. Алайда АҚШ пен халықаралық ұйымдардың араласуынан кейін Газаға азық-түлік пен медициналық жабдық жеткізу 20 қазаннан бастап қайта басталады. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім аймақтағы гуманитарлық дағдарыстың тереңдеп бара жатқанын және атысты тоқтату режимінің тұрақсыз екенін айқын көрсетеді.