Қазақстандағы халық санының артуы ұзақмерзімді үрдіс емес, уақытша құбылыс болуы мүмкін. Бұл туралы танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев "Ой-лайық" ютуб арнасына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, пандемия кезінде адамдардың үйде отыруы бала туу көрсеткішін уақытша арттырған, алайда қоғамда білім деңгейі өскен сайын кері үрдіс байқалмақ деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бердіқожаевтың айтуынша, әлемдегі барлық мемлекеттер халықтың сауатын арттыруға ұмтылады. Адамның көзі ашылып, білім алған сайын ол еркін ойлап, өмірін жоспарлай бастайды. Бұл жақсы құбылыс болғанымен, әлеуметтік жағынан бір парадокс туғызады. Қыз балалар жоғары білім алып, жұмысқа орналасқан соң, өз табысын табады, қаржылай тәуелсіз болады. Мұндай жағдайда олар отбасын құру мен бала тууға асықпайды, өйткені мұның бәрі кәсіби дамуға кедергі келтіреді.
«Қазір ұлттың жаңарып отыруы үшін туу көрсеткіші кем дегенде 2,2 деңгейінде болуы тиіс. Ал біз қазір бұл шектен төмен түсіп кеттік. Пандемия кезінде туу артқан еді, сол себепті 2026–2027 жылдары мектептер мен балабақшаларға сұраныс көбейеді. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Білім мен қаржылай тәуелсіздік артқан сайын туу төмендей береді», – деді дәрігер.
Оның пікірінше, әйелдердің әлеуметтік мәртебесі көтерілген сайын бала туу табиғи түрде азаяды.
«Қазір әйелдің өз үйі, жұмысы, табысы, көлігі бар. Мұндай жағдайда ол өзін толыққанды сезінеді. Сондықтан “халық саны көбейіп жатыр” деген көрсеткіш – уақытша құбылыс», – деп түйіндеді Мыңжылқы Бердіқожаев.