Пәкістан мен Ауғанстан билігі Катар мен Түркияның арағайындығымен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Келіссөздер Дохада өтті. Пәкістан қорғаныс министрі Хваджа Мұхаммад Асиф тараптардың бейбітшілік орнатуға бағытталған келісімге келгенін растады. 25 қазанда қос елдің делегациясы Ыстамбұлда кездесіп, диалогты жалғастырмақ.
Бұл шешім 11 қазанда шекарада болған қарулы қақтығыстардан кейін қабылданды. Сол кезде ондаған әскери қаза тапқан. «Талибан» Пәкістанның әуе кеңістігін бұзып, Ауғанстандағы базарға соққы бергенін айтып, қарсы операция бастағанын мәлімдеді. Исламабад керісінше ауған күштерін бейбіт тұрғындарға оқ атты деп айыптап, «қатты жауап береміз» деген.
Қақтығыстың ушығуына Ауғанстан мен Үндістан арасындағы жақындасу да әсер етті. Сарапшылар атысты тоқтату аймақтағы тұрақтылыққа үлес қосуы мүмкін деп бағалап отыр, бірақ келісімнің ұзақ мерзімді орындалуы екі тараптың сенім деңгейіне байланысты болмақ.