Қазақстанда жуғыш ұнтақ, шампунь, сабын және тіс пастасы қымбаттап барады деп хабарлайды Juzmedia.kz Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап.
Биыл қыркүйекте 500 грамм кір жуғыш ұнтақтың орташа бағасы ел бойынша 3,5 пайызға өсіп, 830 теңгеге жеткен. Ең жоғары баға Алматыда – 920 теңге (+2%), Ақтауда – 889 теңге (+6,3%) және Талдықорғанда – 895 теңге (+10,2%) тіркелді.
Шампунь бағасы бір жылда 6 пайызға өсіп, 200 миллилитрі 1 256 теңге болды. Ең қымбат шампунь Алматыда – 1 428 теңге (+2,2%), Шымкентте – 1 416 теңге (+11,4%) және Талдықорғанда – 1 393 теңге (+17,2%) сатылып жатыр.
Тіс пастасының бағасы 7 пайызға өсіп, 75 миллилитрі 1 219 теңгеге жетті. Баға Шымкентте – 1 471 теңге (+24%), Астанада – 1 423 теңге (+7%), ал Таразда – 1 421 теңге (+14,2%) болып белгіленді.
Сабын да 8,7 пайызға қымбаттап, 100 граммы 574 теңге болды. Ең жоғары баға Астанада – 679 теңге (+7,2%), Атырауда – 676 теңге (+6,9%) және Алматыда – 667 теңге (+10,2%) тіркелген.
Ал балаларға арналған сабынның орташа бағасы ел бойынша аздап төмендеп, 401 теңге (-1,4%) болды. Бірақ Астанада ол керісінше 20 пайызға өсіп, 548 теңгеге жеткен. Алматыда – 487 теңге (+6,8%), Петропавлда – 448 теңге (+7,9%) сатылып, бұл қалалар ең жоғары көрсеткішке ие болды.