Ресей биыл алғаш рет шетелден күкірт сатып алды. 2025 жылғы қазанда ел 35 мың тонна күкіртті тоннасына 390 доллар бағамен (фрахт құнын қосқанда) импорттаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мұндай қадам Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс көлемінің орта есеппен 12 пайызға төмендеуінен туындаған. Бұған дейін ел ішіндегі күкірт қоры жеткілікті болғандықтан, экспортқа ғана бағытталған еді.
Ал Қазақстан жылына шамамен 4,5 млн тонна күкірт өндіреді және оның 4,2 млн тоннасын экспорттайды. Бұрын логистика шығындары өнім бағасынан жоғары болса, бүгінде жағдай өзгерген: трейдерлер зауыттан шыққан түйіршіктелген күкіртті тоннасына 150 доллармен алуға дайын.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бағаның өсуін Кашаган жобасының акционерлері алдын ала күткен болуы мүмкін. Өйткені олар экологиялық айыппұл қаупін біле тұра, жылдар бойы күкіртті жиналған күйінде сақтап келген. Белгілі болғандай, NCOC қызметкерлері басшылықты күкірттің шамадан тыс жиналуы экологиялық заңбұзушылыққа әкелуі мүмкін деп ескерткен. Егер бұл ақпарат расталса, компанияға қатысты іс әкімшілік емес, қылмыстық сипатқа ие болуы ықтимал.
Қазір NCOC шамамен 4,2 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлмен күрделі жағдайда қалып отыр және бұл соманы төлеуге тура келуі мүмкін.