homepage
Фото: Juzmedia.kz

Қазақстан үкіметі экономикалық тұрақтылықты қалай сақтамақ?

17.10.2025, 12:17

Қазақстан үкіметі елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және бизнеске түсетін қысымды азайту мақсатында бірқатар экономикалық шешім қабылдады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бірінші шешім бойынша, 16 қазаннан бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын өсіруге мораторий енгізілді. Бұл шектеу инфляция деңгейі тұрақталғанға дейін сақталады. Энергетика министрлігіне өңірлік әкімдіктермен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, ішкі нарықты мұнай өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету тапсырылды.

Екінші шешім – коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін тоқтату. 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар тобы үшін тарифтер көтерілмейді. Бағаның тұрақтылығы табиғи монополия субъектілерінің шығындарын оңтайландыру арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй көмегі бұрынғыдай көрсетіледі.

Үшінші бағыт – салықтық реттеу. Кіші және орта бизнеске арналған жеңілдетілген салық режиміне қойылған шектеулердің бір бөлігі алынып тасталады. Тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 44 бағытпен шектеледі. Сондай-ақ, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнеске салықтық тексерулер мен камералдық бақылау жүргізілмейді, ал негізгі берешекті өтеген кәсіпкерлерге айыппұл мен өсімпұлдар кешіріледі.

Төртінші шешім тұрғын үй саясатына қатысты. Үкімет ипотекалық бағдарламаларды кеңейтіп, жеңілдетілген несие көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл шара «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы жүзеге асып, жалпы 500 млрд теңгеге дейінгі қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылып, жыл сайын жеті мыңға жуық әскери отбасы баспана алуға мүмкіндік алады.

Бесінші шешім – автонесиелеу мен шағын бизнесті қолдау. Азаматтарға арналған автокөлік лизингі енгізіліп, отандық өндірушілермен және банктермен жеңілдетілген несие бағдарламалары жалғасады. «Бәйтерек» холдингіне шағын және орта бизнесті қосымша қолдау шараларын әзірлеу тапсырылды.

Бұл шешімдер президенттің үкіметке берген тапсырмасына сай қабылданды. Мемлекет басшысы экономикалық реформалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.