homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда жұмыртқа импортына тыйым салынып, мал экспортына квота енгізілмек

17.10.2025, 11:01

Қазақстанда құстың жұмыртқасын әкелуге уақытша шектеу қойылып, қой мен ешкі экспортына квота енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында 16 қазанда жарияланған құжат жобасына сәйкес, үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстанға барлық көлік түрімен тасымалданатын жаңа тауық жұмыртқаларының импорты бір ай мерзімге шектеледі. Тек транзит және одақ елдері арасындағы өзара тасымал ерекшелік ретінде қаралады.

Сонымен қатар, жобада тірі қой мен ешкі экспортына алты айлық квота енгізу көзделді. Шектеу 120 мың бастан аспайтын малға қолданылады және ЕАЭО елдері мен үшінші мемлекеттерге бағытталған экспортқа бірдей таралады. Министрлік бұл шара елдегі қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысын қолдау және мал шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықта тұрақтандыру үшін қажет екенін мәлімдеді.

Құжат жобасы 2025 жылғы 21 қазанға дейін көпшілік талқылауында болады. Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен Қазақстанда 2026 жылға арналған сиыр және тауық еті импортына тарифтік квота енгізілген болатын.