Қазақстан Халықаралық теннис федерациясының (ITF) құрылымындағы дауыс санының артуына байланысты теннис дамуының деңгейі жөнінен әлемнің үздік он мемлекетінің қатарына енді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл шешім федерацияның жалпы жиналысында қабылданды, онда 200-ден астам ұлттық делегацияның 91 пайызы Қазақстанның жоғары деңгейге көтерілуін қолдады.
Бұған дейін Қазақстан жеті дауысқа ие болса, енді сегіз дауысқа қол жеткізді. Бұл көрсеткіш елдің ITF жүйесіндегі салмағы мен ықпалын арттырды. Нәтижесінде Қазақстан Италия, Чехия, Канада, Испания, Швеция, Швейцария, Қытай және Жапония сияқты теннис державаларымен бір деңгейге көтерілді.
Федерация өкілдерінің айтуынша, мұндай жетістік елдегі теннис инфрақұрылымының дамуы мен балалар спортына жасалған инвестицияның арқасында мүмкін болды. Қазір Қазақстанда тенниспен тұрақты түрде айналысатын 17,5 мыңнан астам бала бар, ал жыл сайын 250-ден астам турнир өткізіледі, оның ішінде 40-тан астамы халықаралық деңгейде өтеді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар спортшылар арасындағы теннис бағытында да айтарлықтай ілгерілеу байқалады.