homepage
Фото: kaztag.kz

Қазақстан импортты көбейтіп, экспортты азайтып жатыр

16.10.2025, 14:12

Қазақстан сыртқы саудада біржақты бағытқа көшіп бара жатыр: импорт көлемі артып, экспорт көлемі қысқаруда деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында елдің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7 % төмендеп, 50,2 млрд долларға жетті. Импорт көлемі керісінше өсіп, 40,1 млрд долларды құрады (өсім — 2,8 %). 

Сауда балансының профициті айтарлықтай қысқарды — 2024 жылғы 14,2 млрд доллардан 2025 жылдың алғашқы сегіз айында 10,1 млрд долларға дейін түсті. 

Экономика сарапшылары мұндай сауда дисбалансы теңгенің курсына әсер етуі мүмкін деп дабыл қағып отыр. Себебі экспорттан түсетін валюталық түсім азайып, импортымыз бен ішкі сұраныс валюталық ресурстарға қысым жасайды. 

Сонымен бірге, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда ерекше назарда: Қазақстаннан Қытайға экспорт азайып жатса, Қытайдан импорт керісінше тұрақты өсуде — жартыжылдықта импорт көлемі 22,8 % артқан.