АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық барлау басқармасына Венесуэлада үкіметке қарсы құпия операциялар өткізуге өзі рұқсат бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Трамп мұндай шешімді Венесуэладан АҚШ-қа есірткі тасымалы мен ел түрмелерінен босатылған тұтқындардың келуіне байланысты қабылдағанын айтты. «Мен бұл рұқсатты екі себеппен бердім. Біріншісі — олар өз тұтқындарын АҚШ-қа босатты. Екіншісі — есірткі. Венесуэладан бізге көп мөлшерде есірткі келеді», — деді ол журналистерге.
The New York Times дерегінше, АҚШ әкімшілігі ЦРУ-ға Венесуэла билігіне қарсы жасырын операциялар жүргізуге үнсіз түрде құқық берді. Агенттерге Кариб теңізі аймағында түрлі операциялар жасауға, соның ішінде жекелеген тұлғаларды физикалық жоюға дейінгі әрекеттерге рұқсат берілді.
Бұған дейін Трамп Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне қарсы АҚШ армиясын қолдануға бұйрық бергені туралы хабарланды. Осы мақсатта аймаққа сегіз әскери кеме мен бір сүңгуір қайық жіберілген. Венесуэла президенті Николас Мадуро Вашингтонды елдің ішкі ісіне араласу және билікті төңкеруге әрекеттеніп отыр деп айыптады.