homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда қылмыс азайып келеді

16.10.2025, 11:07

Елімізде соңғы жылдары қылмыстың азаюы және ашылу көрсеткішінің өсуі қатар байқалып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ranking.kz-rt сілтеме жасап.

2023 жылдан бастап 2025 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта қылмыстарды ашу деңгейі 46,3 пайыздан 56,3 пайызға дейін көтерілген. Әсіресе биылғы қаңтар–тамыз айларында көрсеткіш 5 пайыздық пунктке артқан. Аймақтар ішінде Атырау облысы ерекше көзге түсіп, мұнда ашылу көрсеткіші бірден 13,2 пайыздық пунктке өскен. Алматыда — 10 пунктке жуық. Ал Маңғыстау (79,4%), Түркістан (77,1%) және Батыс Қазақстан (72,7%) облыстары ел бойынша ең жоғары нәтижелерге жетті.

Қылмыстың ауырлығына қарай сараласақ, биылғы сегіз айда ең жоғары ашылу деңгейі аса ауыр қылмыстарда тіркелген — 96,1 пайыз. Ауыр қылмыстардың 68 пайызы ашылған. Ал мүліктік сипаттағы құқықбұзушылықтар, әсіресе ұрлық пен алаяқтық істерінде жағдай қиынырақ. Ұрлықтардың ашылу деңгейі 64 пайызды құраса, былтыр бұл көрсеткіш небәрі 55,4 пайыз болған. Алаяқтық істерінде де ілгерілеу бар: биылғы 41,3 пайыз былтырғы 38,9 пайыздан жоғары.

Қазіргі таңда онлайн-алаяқтық басты қауіптің бірі болып тұр. Мұндай қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалады, оның ішінде жасанды интеллект технологиялары да пайдаланылуда. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінде киберполиция бөлімдері құрылып, олар интернеттегі қылмыстарды тергеумен және алдын алу шараларымен айналысады. Polisia.kz порталының мәліметінше, полицейлер азаматтармен кездесіп, жаңа алаяқтық әдістері мен қорғану тәсілдері туралы жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қылмыстың жалпы деңгейі де төмендеп барады. 2023 жылы 10 мың адамға шаққанда 70 қылмыс тіркелсе, 2024 жылы — 66, ал 2025 жылдың сегіз айында — 65 жағдай ғана болған. 2019 жылмен салыстырғанда (131 қылмыс) бұл екі еседен астам төмен көрсеткіш. Биылғы қаңтар–тамыз аралығында елде 88,4 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген — бұл былтырғы кезеңнен 7,3 пайызға аз.

Айырмашылық қылмыс санаттарында да байқалады: ауыр құқықбұзушылықтар 4,9 пайызға артқанымен, орташа және жеңіл дәрежедегі істер тиісінше 11,7 және 14,3 пайызға азайған. Сарапшылар мұны заңнамалық өзгерістермен, яғни бірқатар құқықбұзушылықтардың ауыр санатқа ауыстырылуымен байланыстырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында мұндай үрдіс 2019 жылдан бері жалғасып келе жатқаны айтылады.

Құқықбұзушылықтардың басым бөлігі — мүліктік сипаттағы істер. Биылғы сегіз айда олардың ішінде ең көбі алаяқтық (31,8 мың жағдай), екінші орында ұрлық (16,5 мың іс) тіркелген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға аз. Мұндай нәтиже құқық қорғау органдарының алдын алу шараларының күшеюімен түсіндіріледі.

Биыл қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар 10,2 пайызға азайған. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері құқық қорғау органдарының алдын алған құқықбұзушылықтар саны 13 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көбейген.

Қазір Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жаңғыртып жатыр. Оның басты бағыты — алдын алу мен профилактика. Осы мақсатта «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа заң жобасы дайындалған. Ол бес түрлі заңның нормаларын біріктіріп, құқықбұзушылықтың алдын алу міндеттерін ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері арасында бөліп береді.