homepage
Фото:Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан азық-түлік бағасы ең қолжетімді 30 елдің қатарына кірді

16.10.2025, 10:40

Numbeo халықаралық базасының мәліметінше, Қазақстанда азық-түлік бағасы Нью-Йорк деңгейінен шамамен 72 пайызға арзан. Осы көрсеткіш бойынша ел әлемдегі ең қолжетімді 30 мемлекеттің тізіміне кірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Зерттеу Нью-Йорктегі азық-түлік бағасын негізгі өлшем ретінде алды. Қазақстанда бұл индекс 27,8 пайызды құрап, яғни елдегі бағалар Нью-Йорк деңгейінен шамамен 72 пайызға арзан екені анықталды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 146 елдің ішінде 21-орында тұр.

Ең қымбат азық-түлік бағасы дамыған Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде тіркелген. 2025 жылдың маусымындағы көрсеткіш бойынша, Кайман аралдарында азық-түлік бағасының индексі 113,9 пайыз, Швейцарияда – 111,9 пайыз, Исландияда – 102,5 пайыз. АҚШ-та орташа баға Нью-Йорк деңгейінен төмен болғанымен, индекс 71,3 пайызды құрайды. Жалпы алғанда, Еуропаның дамыған елдеріндегі азық-түлік бағасы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Numbeo порталының функционалы өмір сүру құны мен азық-түлік бағасын екі ел арасында пайыздық арақатынаспен салыстыруға мүмкіндік береді. 2025 жылғы 25 қыркүйектегі дерекке сүйенсек, Еуропалық одақтың дамыған елдерінде, АҚШ-та және ТМД мемлекеттерінде азық-түлік себетінің құны Қазақстаннан әлдеқайда жоғары болған. Мәселен, Швейцарияда баға 320,8 пайызға, АҚШ-та 166 пайызға, Германияда 134 пайызға жоғары. Мұндай айырмашылық тек азық-түлік емес, мейрамхана, коммуналдық қызмет, балабақша мен тұрғын үй жалдау бағасында да байқалады.

Салыстырмалы талдауда жалақы мен оның сатып алу қабілеті де маңызды рөл атқарады. Numbeo дерегіне сәйкес, бұл көрсеткіштер ең жоғары деңгейде Еуропаның дамыған елдерінде байқалады. Мысалы, Германияда салықтан кейінгі орташа жалақы 3,3 мың АҚШ долларынан асады. Ал қазақстандықтардың орташа «таза» айлық табысы 535,2 долларды құрайды — бұл ірі еуропалық елдерден төмен, бірақ Орталық Азияда ең жоғары көрсеткіш болып саналады.

Сонымен бірге, Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің көбінде (Қырғызстаннан басқа) азық-түлік бағасы Қазақстаннан жоғары болғанына қарамастан, жалақы деңгейі төмен. Осыған байланысты, Қазақстанда сатып алу қабілеті Нью-Йорк деңгейінің 54,9 пайызына тең — яғни көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.