Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісіне арналған жаңа екі вагон жеткізілді. Осыған байланысты қалада бірнеше көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
City Transportation Systems (CTS) компаниясының мәліметінше, құрамдар сынақ режиміндегі жұмыстарға дайындық аясында әкелінген. Вагондарды эстакада жолдарына орнату 17 және 18 қазан күндері өтеді.
17 қазанда алғашқы құрам Қабанбай батыр даңғылы бойындағы «Астана жұлдызы» стелласы маңындағы №104 және №105 станциялары арасына орнатылады. 18 қазанда екінші құрам Шәмші Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысындағы — №113 (Министрліктер үйі) және №114 (Ұлттық музей) станциялары арасына қойылады.
Сондай-ақ 18-19 қазан күндері сағат 00:00-ден 06:00-ге дейін Ш. Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады. Бұл шаралар LRT желісін монтаждау жұмыстарына байланысты енгізіліп отыр.
CTS хабарлауынша, барлық сынақтар сәтті аяқталған жағдайда, жеңіл рельсті көлік желісі 2026 жылдың көктемі немесе жазында жолаушылар тасымалдай бастайды. 29 қыркүйектен бастап қалада сынақтық пайдалану кезеңі жүріп жатыр — пойыздар пилотсыз режимде қозғалып, мамандар жүйенің қауіпсіздігін тексеруде.