Қазақстанда 130 заңсыз криптоайырбас алаңы жабылды. Қаржы мониторингі агенттігі көлеңкелі криптовалюта айырбастау қызметтерін жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл алаңдар интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен табысты жасыру үшін пайдаланылды
Сараптамалар көрсеткендей, кибералаяқтар мен есірткі сатумен айналысатындар қаражатты не банк шоттарына, не криптоәмияндарға аударады. Кейін бұл қаражат бірнеше мәміле арқылы өткізіліп, шығу тегі жасырылады. Мұндай «жуу» қызметтері үшін заңсыз сыйақы төленеді. Көбіне бұл операциялар үшін өзгенің атына рәсімделген карталар мен әмияндар (дропперлер) қолданылады.
Агенттік мұндай криптоайырбас алаңдары «кәсіби ақшаны жасырушыларға» айналып отырғанын атап өтті. Олар көлеңкелі қаржы айналымына қатысып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шетелге шығару тізбегін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты азаматтарға тек лицензияланған және ресми тіркелген провайдерлердің қызметін пайдалану ұсынылады. Ресми криптобиржалардың тізімі Астана халықаралық қаржы орталығының сайтында жарияланды. Заңсыз схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.