homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Астанада 17 жастағы студент бетон плитаның астында қалып қаза тапты

15.10.2025, 09:03

Қайғылы жағдай қаладағы құрылыс алаңдарының бірінде болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, Ерсұлтан есімді жас жігіт траншея маңында жүрген кезде кран көтеріп тұрған бетон плита кенеттен құлап кеткен. Ол ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

Қаза болған бозбала жол-көлік колледжінің үшінші курс студенті болған. Ол жақында ғана Қытайда тәжірибеден өтіп келген және қосымша табыс табу үшін құрылыс нысанында жұмыс істеп жүрді. Таңертең үйінен шығып, кешке 18:00-де ораламын деп айтып кетіп, бірақ сол күні қайта оралмады.

Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы және жасөспірімді заңсыз жұмысқа тарту деректері тексерілуде. Құрылыс техникасын басқарған краншы мен жауапты тұлғалардан жауап алынды.

Бұл оқиға студенттердің еңбек қауіпсіздігі мен заңсыз жұмыспен қамтылу мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.