Алматы мен Астанада жолақыны 500 теңге ету туралы пікірге байланысты министрліктер «баға күрт өспейді, кез келген өзгеріс тек экономикалық негізделсе ғана мүмкін» деп түсіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, жолақыға қатысты шешімді нарықтағы тасымалдаушы компаниялар қабылдайды, бағаны мемлекет бекітпейді. Оның сөзінше, жанармай құны секілді объективті себептер болса ғана тарифті қайта қарау туралы әңгіме қозғалуы мүмкін.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл мәселе бойынша айтылған 500 теңгелік баға — сарапшының жеке пікірі екенін атап, билік «бағаның күрт секіруіне жол бермейді» деді.
Бұған дейін бұрынғы энергетика министрінің кеңесшісі Олжас Байділдинов тасымалдаушылар шығынға батып отырғанын айтып, автобус жолақысы кемі 500 теңге деңгейінде болуы керек деген пікір білдіріп, көпшіліктің қызу талқысына түсті.