Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев жасанды интеллект элементтері арқылы аудандық білім бөлімдерінде айына 30–65 млн теңге көлемінде еңбекақы және 10 млн теңгеден асатын сыйақылар өздеріне аударылған күмәнді төлемдер анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, цифрлық мониторинг 2024 жылы 307 млрд теңге «тәуекелді төлемдерді» әшкерелеген, ал биылғы жылдың басынан бері мұндай төлемдер көлемі 132 млрд теңгеге жеткен. Бұл құрал білім беру саласынан бөлек, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт бағыттарына да кеңейтілуде.
Тексеру өзге заңбұзушылықтарды да көрсетті: кей ұйымдар қаржы институты мәртебесі болмаса да, бюджеттен бөлінген қаражатты несиелеуге немесе депозиттерге орналастырып, пайыз түрінде табыс тапқан. Мәселен, бюджеттен берілген 1 млрд теңге кредит депозитке салынып, 80 млн теңге пайда әкелген. Сондай-ақ бір мал басына қатысты субсидияны бірнеше рет алу фактілері тіркеліп, жалпы сомасы 808 млн теңгеге жеткен.
Мади Такиев мұндай мысалдар мемлекеттік аудит тиімділігін арттыру үшін бақылауды күшейтіп, деректерді цифрлық талдау тетіктерін кең қолдану қажет екенін көрсетті деді.