homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Мадагаскарда Зумерлер бастаған наразылық ушығып, президент елден кетті

14.10.2025, 11:42

Мадагаскар басшысы Андри Радзуэлина жексенбі күні француз әскери ұшағымен елден әкетілді, ол кейін Facebook арқылы «қауіпсіз жерде» екенін айтып, саяси дағдарыстан шығудың жолы – Конституцияны қатаң сақтау деп мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Эвакуацияға қатысты ақпаратты оппозиция өкілі Reuters-ке растаған. RFI президенттің шығыс жағалаудағы Сент-Мари аралынан француз әскери бортына мінгенін, бағыты Маврикий арқылы Дубай болуы мүмкін екенін хабарлады. Франция тарапы тікелей араласуды ресми растаған жоқ, бірақ Париж Мадагаскардағы ахуалға алаңдаулы екенін жеткізді.

Gen Z Mada атты жастар қозғалысы су мен электрдің күнделікті үзілуіне қарсы 25 қыркүйекте басталған шерулерді ұйымдастырып, кейін олар жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық және қымбатшылыққа қарсы жаппай акцияларға ұласты.

Қауіпсіздік күштері ірі қалаларда күшейтілген режимде әрекет етті, полиция көз жасауратқыш газ бен резеңке оқ қолданды. БҰҰ дерегіне сай, қақтығыстардан кемінде 22 адам қаза тапқан, ал үкімет 12 адам деп көрсетіп отыр. Наразылық созылған тұста президент Андри Радзуэлина кабинетін отставкаға жіберіп, жастармен диалогқа шақырғанымен, жағдай тұрақтанбады.

Өткен сенбіде Антананариву шетіндегі казармалардан бір топ әскер қала әкімдігі алдына шығып, наразы топқа қосылды. Бұдан кейін президент әкімшілігі «заңсыз әрі конституцияға қайшы билікті басып алу талпынысы» жүріп жатқанын мәлімдеді. Көп ұзамай CAPSAT деп аталатын армиялық бөлімше қарулы күштер басшылығын өз қолына алғанын жариялады.

Наразылық өршіген шақта Андри Радзуэлина шетелге шығарылып, әлеуметтік желіде өзін «қауіпсіз жерде» екенін растады және конституциялық тәртіпті сақтауға үндеді. Билік транзиті мен күш құрылымдарының ішкі тұтастығына қатысты белгісіздік болып тұр.