homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Бірқатар банк ипотеканы уақытша тоқтатты: нарықта не болып жатыр?

14.10.2025, 11:16

10–13 қазан аралығында бірнеше банк ипотекалық өтініштерді қабылдауды және қарауды уақытша тоқтатты, алайда бірқатар банктер несиелендіруді жалғастыруда, деп хабарлайды Juzmedia.kz  LS.kz-ке сілтеме жасап.

Колл-орталықтардың мәліметінше, Altyn Bank пен Bank RBK 13 қазаннан бері өтініштерді қарамайды, Nurbank 10 қазанда тоқтатты. Alatau City bank (Jusan) ипотекасы «уақытша қолжетімсіз». Bereke Bank пен Еуразиялық банк тұрғын үй несиесін бір жылдан аса бермей келеді.

Сонымен қатар Halyk Bank цифрлық ипотеканы (екінші нарық) және құрылыс компанияларымен бірлескен бағдарламаларды (бірінші нарық) ұсынып отыр: жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін, бастапқы жарна – кемі 20 пайыз.

Freedom Bank те ипотеканы рәсімдеуді жалғастыруда: қарыз сомасы 70 млн теңгеге дейін, мерзімі 5–20 жыл, ЖТСМ 7,2–19,7 пайыз; серіктес жаңа үйлер, екінші нарық, каскадты ипотека және «7–20–25» секілді бағдарламалар қолжетімді.

ForteBank 24 қыркүйектен «Жылжымайтын мүлік кепілімен ипотека» өнімін қайта қабылдай бастады: түпкілікті мақұлдау 2025 жылғы 24 қазанға дейін, рәсімдеу 31 қазанға дейін; сома 200 млн теңгеге дейін, мерзімі 60–180 ай, бастапқы жарна 15 пайыздан, сыйақы 21,5 пайыз (ЖТСМ 23,7–25 пайыз).

Банк ЦентрКредитте 13 қазанда «7–20–25», «Ипотека ПЛЮС», JAÑA ипотека және жинақтаушы өнімдер қолжетімді болды (мөлшерлемелер 0,1–22,5 пайыз, ЖТСМ 0,1–25 пайыз).

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы беруді жалғастырып жатыр. «Өз үйім» бағдарламасының аралық несиесінде бастапқы жарна 50 пайыз, мөлшерлеме 7 пайыз (ЖТСМ 7,3–9 пайыз).

Нарықтағы бұл өзгерістерге 10 қазанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға көтеруі және 1 қарашадан бастап нарықтық ипотекалар үшін ЖТСМ-нің 20 пайыздан аспауына қойылған шек әсер етті.

Банктердің бағалауынша, бұл талап ипотеканың өзін-өзі ақтау есебін тарылтып, уақытша үзілістерге итермелеп отыр. Алдағы ахуал тәуекелдерді қайта бағалауға және бағдарламалар шарттарын жаңартуға байланысты болады.