Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, қылмыс жасағандардың басым бөлігі – жұмыссыздар, ал құқық бұзушылардың көпшілігі 21–39 жас аралығындағы ер адамдар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министр 2025 жылғы 13 қазанда өткен көшпелі Үкімет сағатында талдауға сүйеніп, қылмыскерлердің 80 пайызының жұмыссыз, үштен бірінің бұрын сотталғанын, ал адамдарға қарсы қылмыстардың 30 пайызының мас күйде жасалатынын айтты.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жыл сайын шамамен 60 мың адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасайтынын, олардың 85 пайызы – ерлер, 15 пайызы – әйелдер екенін жеткізді.
Оның сөзінше, құқық бұзушылардың 93,8 пайызы – Қазақстан азаматтары, 2,9 пайызы – шетелдіктер мен ТМД елдерінің азаматтары; негізгі жас тобы 21–39 жас. Әлеуметтік бейін: 20–40 жастағы ер адам, жұмыссыз (77%), жоғары білімі жоқ (81%), оқиғаның 15 пайызы – алкоголь әсерімен. Бұл деректер министр айтқан үрдістермен сәйкес келеді.
Депутат білім сапасын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және әділ еңбекақыны қамтамасыз ету сияқты алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды.