homepage
Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Ұят әрі масқара: Қарағандыдағы оқиғаға қатысты министр пікір білдірді

13.10.2025, 16:34

Қарағанды қаласындағы полиция бекетінде әйел адамның мәйіті мен ес-түссіз жатқан полицей табылған оқиғаға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов түсініктеме берді. Ол бұл жағдайды «ұятты әрі масқара оқиға» деп атады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Бұл жағдай өте жағымсыз, ұятты оқиға деп санаймын. Полицейдің атына көлеңке түсетін жайт. Қазір қылмыстық іс қозғалды, бірнеше нұсқа тексеріліп жатыр. Тергеудің толық әрі әділ жүргізілуі менің жеке бақылауымда. Әсіресе адам өлімі болған жерде полицейдің қатысуы — бұл жақсы емес. Сол сәттен бастап іс менің бақылауыма алынды», – деді министр ІІМ-де өткен брифингте.

Еске салайық, оқиға 1 қазан күні полиция пунктінде болған. Сол жерден әйел адамның денесі және есірткіні шамадан тыс пайдаланған деген күдікпен ауыр халде жатқан майор табылды. 

Қазір оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Министрлік мәліметінше, барлық мән-жай анықталған соң қосымша ақпарат берілмек.