Time Out жүргізген халықаралық сауалнама нәтижесі бойынша 2025 жылы әлемдегі тұрғындары ең бақытты қала – Абу-Даби болып танылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Зерттеуге әлемнің түрлі елдерінен 18 мыңнан аса тұрғын қатысқан. Нәтижесінде Абу-Дабидің тұрғындарының 99 пайызы өз қаласы оларды бақытты ететінін айтқан, 93 пайызы «өзімді бұдан жақсы сезінетін жер болған емес» деп жауап берген. Рейтингте қаланың жаяу жүргіншіге қолайлығы, мәдени ортасының дамуы және жасыл аймақтарының көптігі жоғары бағаланған.
Көштің екінші сатысында – Колумбияның Медельині, үшінші орында – Оңтүстік Африкадағы Кейптаун тұр. Сарапшылар бұл қалаларда күнделікті өмір сапасы, ашық орта және табиғи кеңістіктерге қолжетімділік бақыт сезімін күшейтетінін атап өтті.
Алғашқы жиырмалыққа сондай-ақ Мехико, Мумбаи, Бейжің, Шанхай, Чикаго, Севилья, Мельбурн, Брайтон, Порту, Сидней, Чиангмай, Марракеш, Дубай, Ханой, Джакарта, Валенсия және Глазго кірді. Бұл тізім қалалардағы бақуаттылық тек экономикамен емес, қауымдастық, мәдени өмір және табиғатпен байланыс сияқты факторлармен ұштасатынын көрсетеді.