homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстандағы еңбек күші тапшы өңірлерге 5 мыңнан аса адам қоныс аударды

13.10.2025, 11:22

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында 2025 жылғы 1 қазанға дейін 5 213 адам жұмыс күші артық өңірлерден тапшы аймақтарға көшті. Оның ішінде 1 725 қандас және 3 488 қоныс аударушы бар, жыл соңына дейін жалпы 9 653 адамды көшіру жоспарланған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, қоныс аударушылар негізінен Павлодар (1 886 адам) мен Солтүстік Қазақстан облысына (1 516 адам) барды. Сондай-ақ Қостанайға 575, Шығыс Қазақстанға 490, Абайға 305, Ақмолаға 257, Атырауға 103, Ұлытауға 43 және Қарағанды облысына 38 адам көшкен. Қандастардың басым бөлігі Өзбекстаннан (612 адам), Қытайдан (563 адам) және Моңғолиядан (377 адам) келген. 

Еңбекке қабілетті жастағы 2 307 адамның 1 041-і тұрақты жұмысқа орналасты, 38-і кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. Қоныс аударушылардың негізгі бөлігі денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларында еңбек етуде.

Мемлекет отбасыларға көшіп баруға арналған бір реттік субсидия, бір жылға дейін тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемдерге ай сайынғы өтемақы, қысқа мерзімді оқыту, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдем, экономикалық ұтқырлық сертификаттары сияқты қолдау шараларын ұсынады. 

Бағдарлама аясында жұмыс берушілерге де ынталандыру бар: тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, кемінде екі жылға тұрақты жұмысқа қабылданған әр қызметкер үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы субсидия беріледі.

Ведомство дерегі бойынша, мұндай шаралар жаңа ортаға бейімделуді жеделдетіп, тұрақты жұмыспен қамтуды күшейтеді.