2025 жылдың 15–17 қазаны аралығында Алматы қаласында инклюзивті білім беру саласындағы ең ірі халықаралық іс-шара — World Inclusion Congress (WIC 2025) өтеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Дүниежүзілік конгрессті International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) ұйымы Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің қолдауымен өткізеді. Іс-шараның басты алаңы Swissôtel Wellness Resort Alatau қонақүйі болмақ. Конгреске әлемнің 100-ден астам елінен бес мыңнан аса қатысушы мен елуге жуық білім министрі қатысады деп күтілуде.
Биылғы конгресс дәстүрлі форматтан шығып, Алматы қаласының бірнеше оқу орындары мен мәдени нысандарында өтеді. Бағдарламада инклюзия саясаты, білім беру технологиялары, мәдениет пен әлеуметтік теңдік тақырыптарында пікірталастар, стартап таныстырылымдары мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылады.
WIC 2025 конгресі Қазақстанның инклюзивті білім беруді дамытудағы ұстанымын және жаһандық білім беру кеңістігіндегі ықпалын нығайтуды көздейді.