Алматы облысында бір өркешті мың түйеден құралған керуен ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бір шақырым қашықтықты жүріп өткен керуен 20 қыркүйекте Іле ауданының Күрті ауылында ұйымдастырылды. Әлемдік жетістік сертификатын Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыстады. Ол қазақстандық жобаның ерекшелігіне ерекше тоқталды.
«Бұл – айрықша жағдай. Өзге елдерде мұндай керуендер әртүрлі адамдардың жануарларынан құралады – бірінде төрт түйе, екіншісінде екі түйе болады. Ал Қазақстанда мың түйенің бәрі бір адамның иелігінде. Бұл рекордты шынымен де ерекше әрі бірегей етеді. Қазақстан мені таңғалдырды, енді бұл елге турист ретінде де келгім келеді», – деді ол.
Бұл оқиға Қазақстанды тек мал шаруашылығы емес, этномәдени туризм тұрғысынан да әлемдік назарға шығарды.