homepage
Фото: Целиноград ауданының әкімдігі

Ақмола облысында тағы екі ауылға табиғи газ қосылды

11.10.2025, 12:16

Ақмола облысында Целиноград ауданының Ыбырай Алтынсарин атындағы және Талапкер ауылдарына табиғи газ жеткізілді. Тұрғындардың жылу және тұрмыстық қажеттіліктері енді экологиялық таза әрі үнемді отынмен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жобаның шеңберінде жалпы 205 километр газ тарату желісі салынды: Алтынсарин ауылында 51 километр, Талапкерде 154 километр тартылды.

Осының арқасында 3,8 мың үй, 13 мыңнан астам адам табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алды. 

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов газификацияны өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды қадам деп атады. Ол газ келісі ауылдық тіршілікті жеңілдетіп, шағын бизнестің дамуына серпін беретінін және экологияға оң әсер ететінін атап өтті.

Биыл Қоянды, Қызылсуат, Қаражар және Қараөткел ауылдарында жұмыстар жалғасады және олардың аяқталуынан кейін 21 мыңнан астам адам қауіпсіз әрі экологиялық отынды пайдалана алатын болады. 

Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға қолдау шаралары қарастырылған: газға төлемге дейін 20 пайызға дейін жеңілдік берілетін болады, ал күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар азаматтарға 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Жоспарға сәйкес 2026 жылға дейін тағы алты нысан аяқталады. Ал «Сарыарқа» жобасының екінші және үшінші кезектері 2028 жылға жоспарланған — Астана – Көкшетау –Петропавл трассасы бойынша магистральді газ құбырлары салынып, болашақта 165 елді мекен мен 400 мыңнан астам тұрғын қосылатын болады.