homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Маңғыстауда сарбаз бензинге уланып қаза болды

10.10.2025, 12:28

Уыстарттағы шекара заставасында сарбаз бензин буына уланып қаза болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оқиға 7 қазан күні Маңғыстау облысындағы Уыстарт заставасында тіркелді. Командирдің тапсырмасы бойынша сарбаз дизель генератор радиаторын жууға жанармай әкеліп жатқанда бензин буына уланып, есінен танып қалды. Әріптестері алғашқы жәрдем көрсеткенімен, ол оқиға орнында қаза болды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі техника жұмыстарын орындау кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмағанын хабарлады. Полиция қылмыстық іс қозғап, қызметтік тексеру жүргізуде.

Қаза болған сарбаздың туыстары ресми жауаптарға сенбейтіндерін айтып, қызмет орнындағы қысым, судың жетіспеушілігі мен алғашқы көмектің кешігуі туралы шағымданып отыр. Олар тергеудің ашық өтуін талап етуде.