homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Торғай өңірін жаңғыртуға 62 млрд теңге бөлінді

10.10.2025, 11:42

Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған перспективалық жобаларды талқылауға арналған жиын өткізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

62 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 11 жоба экономиканы әртараптандыруға бағытталған: «Орталық–Батыс» автожолын салу, Арқалық әуежайын қалпына келтіру секілді инфрақұрылымдық бастамалар арқылы транзиттік әлеуетті арттыру жоспарланады.

Жоба іске қосылған жағдайда шамамен 400 жұмыс орны ашылады.

Ауыл шаруашылығы секторында «Arkalyq Qus» зауыт қуатын екі есеге кеңейтуді, құрама жем мен органикалық тыңайтқыш өндіру кешендерін салуды жоспарлап отыр.

«Ұрпақ Агро» 10 мың басқа дейін ұсақ мал сатып алуды және етті мал шаруашылығын дамытуға күш салуды ұсынды.

«Zengi Group» 20 шағын фермадан тұратын пилоттық жобаны іске қосып, оған шамамен 1,1 млрд теңге қаржы тартуға дайын екенін жеткізді.

Жол бойындағы сервисті дамыту да қаралды: Астана–Ырғыз бағытында қосымша жанармай құю кешендерін салу қажеттігі айтылып, PetroRetail Keruen Inn форматындағы жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын енгізуді ұсынды.

Серік Жұманғарин жоспар жобасын пысықтауды, мәдениет пен туризмді дамыту және жұмыспен қамту шараларын қарауды, сондай-ақ Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандарында жер қойнауын геологиялық зерттеуді бастау тапсырмаларын берді.