Осы жылдың қазан айынан бастап eGov.kz электрондық үкімет порталы мен оның құрамдас бөліктеріне ЭЦҚ арқылы кіргеннен кейін 1414 нөмірінен келетін SMS-кодпен жеке басын қосымша растау енгізіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алғашқы кезеңде пайдаланушы жүйеге Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіріп, кейін порталда тіркелген ұялы телефон нөміріне жіберілетін SMS-кодпен өзінің жеке басын растайды. Бұл шара ЭЦҚ кілтін жоғалту немесе үшінші тұлғалардың кілтті заңсыз пайдалануынан азаматтарды қорғауға бағытталады. Порталдағы есептік жазбаға ұялы нөмір тіркелмеген болса, 1414 нөмірінен хабарламалар келмейді; нөмірді тіркеу бойынша нұсқаулық eGov.kz сайтында берілді..
Авторизацияның баламалы тәсілі ретінде eGov Mobile қосымшасымен авторизациялануға мүмкіндік қарастырылған: порталда көрсетілген арнайы QR-кодты мобильді қосымша арқылы сканерлеу жеткілікті. Шетелде жүрген кезде 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар тек халықаралық роуминг қосылғанда ғана жетеді, сондықтан шетелде портал қызметтерін пайдаланбас бұрын роумингтің қосылғанын тексеру керек.
ЭЦҚ кілттерін үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады. ЭЦҚ жеке сәйкестендіру құралы ретінде жеке қолтаңбамен теңестіріледі. Бұл талапты бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі: жеке тұлғаларға — 50 АЕК (196 600 теңге), лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға — 100 АЕК (393 200 теңге), орта бизнес субъектілеріне — 150 АЕК (589 800 теңге), ірі бизнес субъектілеріне — 200 АЕК (786 400 теңге).
Заңды тұлғалар үшін құжаттарды тек басшы немесе ұйымның ресми өкілетті тұлғалары қол қоя алады; жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің құжаттарға қол қоюы ресми сенімхат негізінде ғана жүзеге асады. Авторизация тәртібіндегі өзгерістер «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы» нормативтік актінің 47-тармағына сәйкестендіріліп енгізілді және жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға бірдей қолданылады.