homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Елде ең жоғары айлық кімдерге төленеді?

10.10.2025, 10:11

Қазақстанда ең жоғары жалақы мөлшері анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Enbek.kz электронды биржасындағы қыркүйек айының деректеріне қарағанда, кей салаларда айлық 2,8 миллион теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәліметке сәйкес, ең жоғары еңбекақы авиация мен ІТ саласында тіркелген. Коммерциялық әуе компанияларындағы ұшқыштардың айлығы шамамен 2,8 миллион теңге. Ал ІТ-директорлар 1,4 миллион теңгеге дейін табыс табады. Құрылыс бөлімінің басшыларына шамамен 1,2 миллион теңге, бас құрылысшыларға 700 мың теңге көлемінде жалақы тағайындалған.

Жұмысшылар арасындағы еңбекақысы жоғары мамандықтарға бұрғылау қондырғысының машинисі (700 мың теңге), цех бастығының орынбасары (681 мың теңге) және тәжірибелі құрылысшылар жатады.

Білім беру мен денсаулық сақтау салалары әлі де еңбек нарығында ең көп сұранысқа ие бағыттардың қатарында. Қыркүйек айында білім беру саласында 55 мыңнан астам, ал денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында 10 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланған.