Елімізде 1,6 миллионнан астам азамат банктен алған несиесін уақытында қайтара алмай отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап. Қаржы сарапшыларының айтуынша, бұл көрсеткіш халықтың табыс деңгейі мен қарыз жүктемесі арасындағы теңсіздіктің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қаржы ұйымдарының дерегінше, несие төлемін 90 күннен асырып кешіктірген борышкерлердің саны Астанада ғана 116 мың адамға жеткен. Бұл — ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Мамандардың айтуынша, борышкерлердің көпшілігі қарызға алынған соманы пайыздық өсіммен өтей алмай, банкроттық рәсіміне жүгінуге мәжбүр. Қазірдің өзінде шамамен 10 мың адам соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш берген, ал 500-ден астам іс сот арқылы қаралып жатыр.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында биыл борышкерлердің 30 пайызына қаржылық сауат негіздері мен банкроттық тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сарапшылар азаматтардың қаржылық жоспарлау дағдысын арттыру борыш дағдарысын азайтуға көмектеседі деп есептейді.