Интернет-алаяқтар көлік жүргізушілерін алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 24KZ-ке сілтеме жасап.
Киберқылмыскерлер жүргізушілерге «жол ережесін бұздыңыз» деген мазмұндағы жалған хабарламалар жіберіп жатыр. Онда көлік нөмірі, жүргізушінің аты-жөні және төлем жасауға арналған сілтеме көрсетіледі. Егер азамат сол сілтемеге кіріп, банк картасының деректерін енгізсе, алаяқтар оның есепшотындағы ақшаны шешіп алады.
Алматы қалалық Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бұл жаңа алаяқтық түрі Қазақстанда да тарала бастағанын ескертеді. Ведомство ресми айыппұл хабарламалары тек 1414 нөмірінен жіберілетінін және онда төлем сілтемесі болмайтынын айтты.
Мамандар айыппұлды тек egov.kz, qamqor.gov.kz сайттары немесе банктердің ресми мобильді қосымшалары арқылы тексеруге кеңес береді. Күмәнді хабарлама немесе сілтеме алынса, дереу полиция мен банкке хабарласу қажет.