Астанада ерекше форматтағы мұғалімдер жарысы өтті. «Ой-сандық: оқу және математикалық сауаттылық – табысты синергия» атты байқауда қазақ тілі мен әдебиет және математика пәндерінің ұстаздары бір командаға бірігіп, ой мен логиканы тоғыстырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жарысты Астана қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі ұйымдастырды. Конкурстың басты идеясы – тілдің тереңдігін, математиканың дәлдігін ұштастырып, пәндер арасындағы шекараны жою.
Байқауға жүзден астам мұғалім қатысты. Әр командада гуманитар мен математик тандем құрып, тапсырмаларды бірлесе шешті. Бірі сөзбен ой өрсе, бірі сандармен жүйе құрды — нәтижесінде білім мен тапқырлықтың үйлесімі пайда болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс дәстүрге айналып, мұғалімдердің кәсіби серіктестігін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Тіл мен есептің тоғысында туған «Ой-сандық» байқауы ұстаздарға шабыт пен жаңаша серпін берді.