Қазақстанда әлеуметтік осал топтағы әйелдерге тегін контрацептивтер таратылмақ. Денсаулық сақтау министрлігі мұны жоспарланбаған жүктіліктің және аборттың алдын алу шарасы деп түсіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, елде жыл сайын шамамен 75 мың жасанды түсік тіркеледі. Соңғы бес жылда 18 жасқа дейінгі 12 мың қыз жүкті болған. Сарапшылар бұл көрсеткішті жыныстық сауаттылық деңгейінің төмендігімен байланыстырады.
Министр Ақмарал Әлназарова әлеуметтік әлсіз әйелдерді контрацептивпен қамтамасыз ету олардың денсаулығын қорғауға бағытталғанын айтты. Алайда бастаманы қоғамда түрліше қабылдап отыр. Кейбірі оны әйелдердің құқығын қорғау деп санаса, енді бірі жыныстық мәдениеттің әлсіреу қаупіне алаңдаулы.
Мамандардың пікірінше, мұндай шара тиімді болуы үшін дәрі-дәрмек таратумен қатар, жыныстық тәрбие мен түсіндіру жұмыстары да жүйелі жүргізілуі керек.