Қаржы мониторингі агенттігі мемлекеттік сатып алулар кезінде бағаның шектен тыс өсірілген бірнеше жағдайын анықтады деп хабарлайды Juzmedia.kz
Агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, кей келісімшарттарда қарапайым кеңсе скотчының бағасы 2 теңгеден 99 мың теңгеге дейін көрсетілген. Мұндай фактілер негізінен құны 393 мың теңгеге дейінгі ұсақ сатып алулар кезінде тіркелген.
АФМ тексерісі барысында 8 мыңнан астам келісімшарт талданып, жалпы сомасы 8,3 миллиард теңге болған сатып алулардың шамамен 4 миллиард теңгесінде баға негізсіз жоғары көрсетілгені анықталған. Кей жағдайларда жеткізілген тауарлар техникалық сипаттамаға да сай болмаған.
Агенттік мемлекеттік сатып алу платформаларында баға қалыптастыру тетігі дұрыс жұмыс істемейтінін айтып, мұндай бұзушылықтарға жол бермеу үшін бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.