Мадагаскарда мыңдаған жас ел астанасы Антананаривода және бірнеше ірі қалада жаппай шеруге шықты. Олар президент Андри Ражуэлинаның отставкасын және жаңа сайлау өткізуді талап етуде, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Наразылықтар елде электр қуаты мен ауызсу тапшылығына қарсы басталып, кейін жемқорлық пен әлеуметтік теңсіздікке қарсы қозғалысқа ұласты. «Gen Z» деп аталған жастар тобы елдің болашағын өзгертуге шақырып, биліктің ұзақ жылдар бойғы уәделерінен шаршағандарын айтуда.
Бірнеше апта бойы жалғасқан көтерілістер кезінде 22 адам қаза тапқаны, жүзден астамы жараланғаны хабарланды. Amnesty International мәліметінше, қауіпсіздік күштері кей өңірлерде артық күш қолданған. Ал билік наразылықтар кезінде болған өлім фактілерін растаған жоқ.
Президент Андри Ражуэлина наразылықтардан кейін үкіметті тарату туралы шешім қабылдағанымен, өзі отставкаға кетуден бас тартты. Сарапшылардың айтуынша, елдегі саяси дағдарыс тереңдеп барады және жастардың бұл толқыны Африкадағы жаңа саяси ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.