Қазақтың дара дауысы Димаш Құдайберген әлем мәдениетінің жүрегі саналатын Нью-Йорк қаласын тағы бір рет тәнті етті. 5 қазанда ол атақты Madison Square Garden аренасында жеке концерт өткізіп, залды көрерменге лық толтырды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл кеш әншінің жаңа «Stranger» атты әлемдік турының ресми бастамасы болды.
Кеш барысында көрермендер әншінің сүйікті композицияларын және жаңа туындыларын тыңдады. The Story of One Sky, Love’s Not Over Yet және әлемге танылған SOS шығармалары ерекше әсер қалдырды. Соңғы әннің жаңа аранжировкасына «Грэмми» иегері Уолтер Афанасьефф қатысқан.
Димаш сахнада заманауи және ұлттық музыканы үйлестіре отырып, қобыздың қоңыр үні мен виолончельдің әуенін шебер тоғыстырды. Осылайша концерт рух пен техниканың бірлігін көрсеткен ерекше музыкалық қойылымға айналды.
Madison Square Garden сахнасында кезінде Майкл Джексон, Бейонсе және Битлз сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен. Енді сол тізімге Димаш Құдайбергеннің есімі де қосылды. Жақында оған «Қырғызстанның халық әртісі» атағы беріліп, оның халықаралық деңгейдегі беделі тағы бір мәрте расталды.