homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Әрбір донор жеті адамның өмірін құтқара алады

06.10.2025, 11:12

Қазір елімізде 4300-ден астам адам, оның ішінде 121 бала ағза трансплантациясын күтуде. Әрбір донор жеті адамның өмірін сақтап қала алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2012 жылы Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы жасалған. Содан бері дәрігерлер бауыр, бүйрек, жүрек, мөлдір қабық, ал 2015 жылдан бастап өкпе ауыстыру операцияларын да меңгерді. Қазір жыл сайын 200–300 трансплантация жасалады.

Өмір сүру көрсеткіштері халықаралық деңгеймен шамалас: бүйрек реципиенттерінде – 95–97%, бауырда – 85%, жүректе – 86%. Жақын арада балаларға жүрек пен бауыр трансплантациясын енгізу жоспарланып отыр.

Елімізде ағза донорлығын үйлестіретін республикалық орталық құрылды, ол барлық өңірлерде жұмыс істейді. Сонымен қатар донорлар мен реципиенттерді автоматты түрде сәйкестендіретін ақпараттық жүйе енгізілді.

Дегенмен қайтыс болғаннан кейінгі донорлық деңгейі әлі де төмен. Сарапшылардың айтуынша, мәселенің түпкі себебі — қоғамның сенім тапшылығы мен ақпараттың жетіспеуі. Министрлік бұл бағытта дін өкілдері мен БАҚ-пен бірлесе ағартушылық жұмыс жүргізіп жатыр.